الطور
The Mount • 49 ayahs • Meccan
بِسْمِ ٱللَّهِ ٱلرَّحْمَٰنِ ٱلرَّحِيمِ
1Тұр тауына,
2Жазулы Кітапқа,
3Теріге жазулыға,
4Толықсыған үйге, (Көктегі қыблаға,)
5Көтерілген төбеге, (көкке,)
6Және ыстық теңізге серт!
7Сөзсіз Раббыңның азабы болады.
8Оны тойтарушы жоқ.
9Ол күні аспан қатты теңселеді.
10Таулар үшіп жүреді.
11Сол күні өтірік деушілерге нендей өкініш!
12Олар, сондай орынсыз сүңгіп ойнағандар.
13Олар сол күні, тозаққа итеріліп, тасталады.
14"Міне! Сендер өтірік деген тозақ!"
15Ал осы бір сиқыр ма? Немесе сендер көрмейсіңдер ме?
16"Тозаққа кіріңдер. Шындасаңдар да шындамасаңдар да сендерге бәрі бірдей. Істегендеріңнің ғана сазайын тартасыңдар!
17Әрине тақуалар ұжмақтарда ырысқа бөленеді.
18Раббыларының өздеріне берген нәрселерінің қызығын көреді. Оларды Раббылары тозақтың азабынан қорғаған.
19"Істеген ғамалдарың себепті жеңдер, ішіңдер. Сіңімді болсын."
20"Тізілген дивандарға сүйенген түрде" (делінеді.) Оларды бота көз хүрлармен үйлендіреміз.
21Сондай иман келтіргендер, олардың ұрпақтары да иман келтіріп, өздеріне ілескен болса, оларды ол ұрпақтарына қосамыз. Сондай-ақ олардың ғамалдарынан еш нәрсе кемітпейміз. Әркім істегенінің бодауына ұсталады. (74-С. 38-А.)
22Оларға бейіште қызығатын ет пен жемісті молайтамыз.
23Олар бейіште тостағанға таласады. Онда бір орынсыз сөйлеу де күнәкарлықта болмайды. (37-С. 47-А. 56.С. 19-А)
24Оларға сәдептегі інжу тәрізді жастар айналып, қызмет етеді.
25Олар бір-біріне қарама-қарсы отырып хал сұрасады:
26"Расында біз, бұрын (дүниеде) семьямызда да қорқушы едік" деседі.
27"Сондықтан Алла бізге игілік етті де заһарлы азаптан қорғады."
28"Расында біз, бұрын Аллаға жалбарынушы едік. Өйткені Ол, игілік істеуші, ерекше мейірімді" (деседі.)
29(Мұхаммед Ғ.С.) ал енді үгіттей бер. Өйткені сен Раббыңның нығметі арқасында бақсы да жынды да емессің.
30Немесе олар сені: "Ол бір ақын. Сондықтан оған жаман заманның болуын тосамыз" дейді.
31Оларға: "Күтіңдер. Мен де сендермен бірге күтемін" де.
32Немесе оларға бұны ақылдары әмір ете ме? Не олар азғын бір ел ме?
33Я, болмаса олар: "Кұранды өзі жасап алды" дей ме? Жоқ, олар иман келтірмейді.
34Ендеше, егер олар шыншыл болса, Құран сияқты бір сөз келтірсін. (2-С.23-А., Ю.С. 38-А., 11-С. 13-А.)
35Немесе олар еш нәрсесіз (өзінен-өзі) жаратылды ма? Не жаратушы өздері ме?
36Яки олар, көктер мен жерді жаратты ма? Жоқ, олар нанбайды.
37Немесе Раббыңның қазыналары олардың қасында ма? Я, олар игеруші ме?
38Немесе, олардың шығып тыңдайтын сатылары бар ма? Онда олардың тыңдаушылары ашық бір дәлел келтірсінші!
39Немесе қыздар Алланікі де ұлдар сендердікі ме?
40(Мұхаммед Ғ.С.) не сен олардан ақы тілеп сондықтан олар ауыр борышқа жығылды ма?
41Немесе олардың қасында ғайыптың мәліметі бар да олар соны жаза ма?
42Не болмаса, олардың бір әдіс қылғылары келе ме? Сонда қарсы болғандардың өздері тұзаққа түседі.
43Әлде олардың Алладан басқа тәңірі бар ма? Алла олардың қосқан теңеулерінен пәк.
44Олар аспаннан түсіп келе жатқан бір кесек көрсе де: "Шоғырланған бұлт" дейді.
45(Мұхаммед Ғ.С.) енді оларды жоқ болатын күндеріне жолыққандарына дейін қойып қой.
46Ол күні оларға әдістері ешбір пайда бермейді әрі оларға көмек те етілмейді.
47Шүбәсыз ондай залымдарға одан өзге де азап бар. Бірақ олардың көбі түсінбейді.
48(Мұхаммед Ғ.С.) Раббыңның үкіміне сабыр ет. Өйткені сен көз алдымыздасың. Орныңнан тұрған шақта, Раббыңды мақтай дәріпте.
49Түннің бір бөлімінде және жұлдыздар батар кезде де дәріпте. (Құптан және таң намазын оқы. М.Ж)